«Қазақстан тарихы» және «Оқу сауаттылығы» пәндері бойынша тест тапсырмаларының санына өзгерістер енгізілді. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Ғылым және жоғары білім вице-министрі Қуаныш Ерғалиев мәлім етті.
«Енді «Қазақстан тарихының» бір нұсқасында 20, «Оқу сауаттылығы» бойынша 15 тест тапсырмасы болады. 2022-2023 оқу жылынан бастап «Информатика» пәні бейіндік пәндер тіркесімі тізіміне енді. Осыған байланысты білім беру бағдарламаларының «Информатика мұғалімдерін даярлау», «Ақпараттық технологиялар», «Ақпараттық қауіпсіздік» топтарына түсетіндер ҰБТ-ны «Математика-информатика» комбинациясы бойынша тапсырады», — деді Қуаныш Ерғалиев.
Вице-министрдің айтуынша, негізгі ҰБТ-ның маңызды тұстарының бірі – ҰБТ тапсыруға екі талпыныс пен үздік нәтижемен білім грантын тағайындау конкурсына қатысу мүмкіндігін беру. Биыл бұл норма заң жүзінде бекітілді.
«Шекті балл өзгерген жоқ: «Құқық» және «Педагогика ғылымдары» бағыттарына түсу үшін кемінде 75 балл, «Денсаулық сақтау және әлеуметтік қамсыздандыру (медицина)» — кемінде 70 балл, «Ауыл шаруашылығы және биоресурстар», «Ветеринария» – кемінде 60 балл; Ұлттық жоғары оқу орындарына түсу үшін – кемінде 65 балл, басқа ЖОО-ға – 50 баллдан кем емес», – деп қосты Қуаныш Ерғалиев.
Басқарма басшысының орынбасары жалпы министрліктің жоғары оқу орындарына талантты, білімді жастарды тартуға мүдделі екенін атап өтті.
«Сондықтан, ҰБТ өткізу кезінде біз үшін академиялық адалдықты қамтамасыз ету өзекті болып қала береді. Осы мақсатта «1 компьютер – 2 камера – 1 сынақ субъектісі» қағидаты сақталады. Тағы бір айта кетерлігі, былтырдан бері тест нұсқалары белгіленіп келеді. Яғни, әрбір ҰБТ-ға қатысушының тестілеудің жеке нұсқасы болады. Сонымен қатар, ҰБТ-ға тыйым салынған заттарды әкелмек болған немесе тестілеудің өзінде ережені бұзған талапкерлердің нәтижелері жойылады. ҰБТ-ның барлық жаңалықтарын оқу жылының басында жариялағанымызды ерекше атап өткім келеді. Сондықтан балалар үшін ешқандай өзгерістер болған жоқ. Бұл балалардың зейінін шоғырландырып, негізгі емтиханға жақсы дайындалуына ықпал етті деп есептейміз», — деп бөлісті вице-министр.
Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім берудің барлық деңгейлерінде кадрлар даярлауға бөлінген білім гранттарының жалпы саны 88 мыңды құрайтыны бұған дейін хабарланған болатын. Барлық гранттардың 60 пайызы инженерлік-техникалық мамандықтарға бөлінген.